«Біздің отанымыз ортақ, жүрегіміз бен мақсатымыз да ортақ» атты патриоттық кеш

14 желтоқсан күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Біздің отанымыз ортақ, жүрегіміз бен мақсатымыз да ортақ» атты патриоттық кеш өтті.
Мақсаты: Еліміздің өткеніне, бүгініне, ертеңіне көз жіберіп шолу жасау. Өз еліміздің тілін, тарихын, салт – дәстүрін, әдебиетін қадір тұтып, құрметтеу. Қазақ елімізді әлемдік деңгейге жеткізу – біздің қолымызда екенін түсіндіру. Жастарға патриоттық тәрбие беру. Еліне, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Шараға «Азаматтық бақылау» жобасының үйлестірушісі Көшкінбай Нұрмағамбетұлы Ахметов, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі - П. Құдасов, заңгер – Л.Забих, тарихшы, ғалым, этнограф – Д.Абенов, Ақтөбе облысының укіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті – А. Дюсенова, «Рух» ізгілік қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Қажығалиев, Ақтөбе құрылыс және бизнес, «Рауан» көпсалалы колледждерінің студенттері, №26 орта мектеп оқушылары, «Ақ қауырсын» клубының мүшелері, т.б. қатысты.
16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 26 жыл толды.
Шараны «Ақ қауырсын» клубының мүшелері «Жаса, Қазақстан» әніне флешмоб билеп ашты. Әнұран шырқалып, кітапхана төріне Ту әкелінді. Құрылыс және бизнес колледжінің студенттері «Қайсар рухты Қайрат» көрінісінен үзінді қойды және өздерінің ел тәуелсіздігіне арнаған туындыларын оқыды.
Шара барысында қонақтар еліміздің тарихы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетістігі туралы деректер келтіріп, түрлі әңгімелер айтты. Жастардың орындауында патриоттық әндер шырқалды. «Ел бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты кітап көрмесі таныстырылды. «Тәуелсіздік тағдырымды өзгерткен ұлы күн» бейне-ролик көрсетілді.