Ғұлама жазушының шығармалары туралы әдеби кеш

2017 жылғы 5 желтоқсанда Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» тақырыбында еске алу кеші өтті.
Шара барысында «Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты кітап көрмесі арқылы оқырмандар кітапхана қорындағы қилы замандағы орыс-қазақ қатынасында орын алған күрмеуі мол, күрделі оқиғаны өзек еткен жазушының көлемді туындысы «Үркер» романы, адам жанының алуан иірімдері төгілген «Махаббат мұнарасы»,«Күй» хикаяты және тағы да басқа әдебиеттермен таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды.
«Желкен» әдеби клубының мүшелері «Әсем сөзі құс боп шарлап жер – көкті…» әдеби монтажын ұсынып, қаламгердің шығармалары бойынша сахналық көрініс көрсетті.
Шара қонағы Қайдасов Серікбай оқырмандарға жазушының мектеп қабырғасында жүрген кезден басталған қаламгерлік жолы туралы айтып берді.
Ғұмырлы тұлға қазақ халқы, әдебиет-өнер сүйген қауым үшін мәңгілік. Жазушыға арналған осындай іс-шаралар қаламгерді қалың оқырманға жақындата түсетіні анық.