Қасиет қонған Сүлеймен туралы танымдық кездесу

30 қараша күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен сынықшы Сүлеймен Қарабалаұлының 110 жылдығы аясында облыстық С.Бәйішев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында «Қасиет қонған Сүлеймен» атты танымдық кездесу шарасы өткізілді. Шараның арнайы ашылу салтанатында модератор Нұрлыбек Қалауов өз сөзін әріден қозғап, сынықшылық қасиеттің бағзы замандардан сабақтасып келе жатқан дәстүр екенін атап өтті.
Одан кейін сөз алған Сүлеймен Қарабалаұлының баласы Базарбай Сүлейменұлы сынықшының өмір жолдары, аталары, ұрпақтары жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
Сынықшының көзін көрген Өтеміс Әкімов өз білгендерімен бөлісті, атамен дәмдес болған Тельман Төлебаев та, Шериязданов Тұрар да өз кезегінде сынықшы туралы көптеген деректер келтірді. Шараның кезекті сөзін мәдениет қайраткері Рысжан Ілиясқызы жалғап, музей басшылығында қызметте болған кездері әр жылдары жүргізілген экспедициялары, Сүлеймен Қарабалаұлы туралы жазған мақалалары, сынықшылық қасиеттің ерекше тұстарына тоқталып, бүгінде осы тәрізді құндылықтарымызды насихаттауда кеңінен жұмыстар жасау керектігін айтты.
Шара әрі қарай жалғасып, сынықшының ұрпақтары, ағайын-туысқандары, өлкетанушылар кезек-кезегімен сөз алып, Сүлеймен Қарабалаұлы туралы көрген-білгендері, естіген естеліктерімен бөлісті.
Шараға сынықшының көзін көрген замандастары, ұрпақтары, өлкетанушылар, мәдениет қызметкерлері, 40-қа тарта атаның заманында өмір сүрген ардагерлер, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.