Республикалық «Жыр жазамын жүрегімнен» жыр мүшәйрасы қорытындыланды

2017 жылдың 1 желтоқсанында «Жұбановтар әлемі» орталығында Ғазиза Жұбанованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы қорытындыланды. Бұл шараны Ақтөбе облысы әкімдігінің, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы және облыстық халық шығармашылық үйі ұйымдастырды.
Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев,республикаға танымал өнер, әдебиет майталмандары, мәдениет және өнер қызметкерлері, қаламыздың зиялы қауым өкілдері, поэзия сүйер оқырмандар қатысты. Әділқазы мүшелерінің құрамында республикаға белгілі қаламгерлер,әдеби сыйлықтардың лауреаттары болды.
Мүшәйраның мақсаты: «Рухани жаңғыру» Бағдарламасы аясында «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған өлке мәдениеті» жобасын насихаттау. Ақтөбе өңірінен шыққан ел мәдениеті, өнері, әдебиеті, тіл ғылымы, мақтаныштары Жұбановтардың есімдерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мүшәйраға «Дариға - домбыра» атты Жұбановтар отбасы мен және Ғ.Жұбанованың шығармашылығына, «Арайлы Ақтөбем» атты Жұбановтардың туған өңірі - Ақтөбе облысына арналған және еркін тақырыптағы өлеңдер қабылданды.
Бұл байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы 30-ға жуық ақындар мен талапкерлер қатысып, ешбір жерде жарияланбаған ешқандай байқауға қатыспаған өлеңдерін ұсынды.
Мүшәйраға келіп түскен ақындар мен жас талапкерлердің өлеңдері алдын-ала қазылар алқасы талқылауымен сұрыпталып, іріктелді. Сұрыптаудан өткен шығармалардың авторлары республикалық ақындар мүшәйрасының қорытындылау кешіне шақырту алды.
Жеңімпаздар Бас жүлде және I, II, III дәрежелі Дипломдар, Алғыс хаттар, ынталандыру сыйлықтары және ақшалай жүлделермен марапатталды. Жеңімпаздардың құрметіне арналған кеш Гала - концертпен жалғасын тапты.