Республикалық "Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ" атты ақпараттық науқан шеңберінде бірқатар шаралар өтті

Облыстық мәдениет, өнер мекемелерінде республикалық "Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ" атты республикалық ақпараттық науқан аясында жоспарлы түрде шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және оның алдын алу мақсатында кездесу кештері, танымдық , ақпараттық сағаттар мен қайырымдылық қойылымдар өтті.
«Руханият» Ақтөбе облыстық музейінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылық жігітке тән сипат емес» тақырыбында кездесу кешінде балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, балаларға қатысты қатыгездікке төзуге болмайтын қарым-қатынас қалыптастыру мақсаты көзделді. Оған Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Жастар ісі бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы және Ақтөбе облысы бойынша ІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, колледж студенттері қатысты. Студенттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға мамандар тарапынан мазмұнды жауаптар алды. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейі Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектебінде оқушыларға арналған «Балалық шақ – мейірімділік мекені!» атты тақырыптық-ақпараттық сағат өткізді. Оған музей, орта мектеп қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жоғары класс оқушылары қатысып, тұрмыста және сыртта балаларға дөрекі қарым-қатынасты болдырмау жөнінде пікір алмасты. Шара барысында тақырыптық слайд көрсетіліп, отбасында балалардың адамгершілікке сай тәрбиеленуі, зорлық-зомбылық көрген балаға тиісті қөмектің қолжетімді және сапалы болуы (сенім телефоны, психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттер, т.б.), отбасындағы мейірімділік пен жайлылық жағдайын қалыптастыру туралы мәселелер қамтылды.
Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі «Шолпы» клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай №31 орта мектепте «Бәріміз бірге – зорлық-зомбылықсыз өмірге!» тақырыбында кездесу ұйымдастырып өткізді. Оған Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері, мектеп оқушылары, ата-аналар, мектеп мұғалімдері мен клубтың кеңес мүшелері қатысты.
Науқан аясында облыстық кітапханалар тарапынан да бірнеше іс-шара жоспарланып, жүзеге асырылды. Мәселен, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Балаға сәби емес, тұлға деп қара» құқықтық-танымдық, «Сәби күлкісі – әлемнің көркі» атты ақпараттық сағаттары болып өтті. Шараға арнайы жасақталған «Бала құқығы – асыл қазына» тақырыбындағы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты кітап көрмелеріне библиографиялық шолулар жүргізді. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы №34 мектепте және Облыстық арнаулы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатының оқушылары арасында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты тәрбие сағатын өткізді.
Сондай-ақ облыстық театрларда республикалық ақпараттық науқан шеңберінде қайырымдылық көрсетілімдері ұйымдастырылды. Мәселен, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театры «Жайна» мүгедек балаларды оңалту орталығына барып, «Алдар Көсе» қайырымдылық спектаклін қойса, "Алақай" қуыршақ театры 26 қараша күні "Носорог и жираф", "Мүйізтұмсық пен керік" спектаклінің қайырымдылық көрсетілімін мектеп оқушылары үшін ақысыз ұсынды. Кішкентай көрермендер ертегідегі кейіпкерлерге қызыға қарады. Облыстық планетарийде 22 қараша күні № 35 орта мектебінің оқушылары мен С.Бәйішев атындағы университетінен 30-ға жуық жастарының қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты ақпараттық шара өткізіліп, психологиялық тренинг ретінде бейнеролик көрсетілді. Шара соңында қатысушылар жұлдызды аспанмен танысты.