Жания Нұржанованың шығармашылық кеші

28 қараша күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Мектептерде қазақ тілін оқыту барысында Жәния Нұржанның ұстаздық еңбектері және ғылыми әдістемелік тәжірибесі» атты педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Жания Нұржанның шығармашылық кеші өтті.
Жания Нұржан ғылым мен білім саласының, өңіріміздегі жоғары білім жүйесінің дамуына көп үлес қосқан адам. Әдебиет пен қазақ тілі пәнін оқытудың тың әдістері бойынша зерттеулер жүргізіп, қазақ тілін оқыту әдістемесінің жіктелу (классификациясы) жүйесін енгізді. Оның 300-ге жуық газет - журнал беттерінде мақалалары жарияланды. 15 әдістемелік нұсқау және Алматы «Ғылым және ғылыми» баспа орталығынан «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары», «Қазақ тілін оқыту технологиясы» еңбектері жарық көрді. «Қазақ тілі сабағының комплексті жоспарының үлгісі» және «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тіліне тән 9 дыбысты оқыту үлгісі», «Қазақ тілінен суретті мәтіндер» (қазақша, орысша, ағылшынша), «Электронды кітапша», орыс мектебін бітірген қазақ жастарына арналған «Қазақ тілі сабақтары» т.б. еңбектерін ұстаздар қауымы пайдалануда. Ғалымның отандық білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегінің нәтижесі – ол педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика мамандығы бойынша доцент және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.
Шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қорғанбаева ашты. Ол ұстазға елдің болашағы үшін сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.Ғалымды кітапхананың тұрақты оқырмандары және зиялы қауым өкілдері құттықтап, ізгі лебіздерін арнады.
Кешке арналып «Адал еңбектің әділ бағалары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, Жания Нұржан туралы фото-шежіре слайд көрсетілді.
Кеш соңында кітапхана директоры Н.Жұмағұл профессорға шығармашылық табыс тілеп, ұжым атынан сый-сияпат көрсетті