«Туған жерім – нұрлы елім» Ақтөбедегі Алға ауданының күндері

7 қазан күні «Туған жерім – нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбе қаласында Алға ауданының күндері өтті.
Мереке «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізуден басталды. Ауданның шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері экологиялық таза өнімдердің көптеген түрлерін ұсынды.
Есет батыр көшесінде өткен «Ел қорғаған ер Есет» көше мерекесін облыс әкімі Б.М.Сапарбаев құттықтау сөзімен ашып, қала тұрғындары мен қонақтары Мәңгілік алауға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Көрермендер Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына арналған «Тұлғасы және тарихи дәуірі» мен «Елдің даңқын ер шығарар» атты аудандық тарихи-өлкетану музейі және кітапхананың жылжымалы көрмелерін тамашалады. Аталған көрмелердегі экспонаттар мен кітаптар халқымыздың тарихындағы елеулі тарихи кезеңдерді қамтыды. Шара барысында аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлнұр Бекенова кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіп өтті.
Көше мерекесі түрлі номинациялар бойынша марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарламаға ұласып, жалғасын тапты.
Кешке Алға ауданының күндері ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы мәдениет және демалыс саябағында «Домбыра paty» және «Классика аралы» фортепианолық музыка кешімен бастау алды. Сахнадан бөлек, саябақ алаңында түрлі көрмелер мен қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылды. Атап айтсақ, «Елге тарту» — аудан өнімдерінің көрмесі, «Бұлақ көрсең көзін аш» — Алға ауданындағы бұлақ көздерінің көрмесі, «Ұлт бірлігі — ел ырысы» өзге ұлт өкілдерінің көрмесі және қолөнер шеберлері мен ашық аспан астындағы сурет галереясы өз шеберліктерін ортаға салды.Мерекелік думан кезінде Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді.Сонымен қатар, «Шынықсаң шымыр боласың» атты спорттық сайыстыр да ұйымдастырылды.
Бас сахнада «Өрісі кең өлкем» айдарымен ауданның ең үздік шығармашылық ұжымдары мен Алға өңірінен шыққан танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.