«Өнерім-өмірім» атты кездесу

5 қазанда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері М.Байғаниннің 80 жасқа толуына арналған «ӨНЕРІМ-ӨМІРІМ» атты кездесу кеші өткізілді.
Шараның мақсаты: оқырмандарды, жалпы өнер сүйер көпшілік қауымды қастерлі домбырашылық өнерін аспандата білген ерекше тұлғалардың бірі - домбырашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, доцент Момын Байғаниннің өмірімен таныстырып, шығармаларын насихаттау.
Кешке М.Байғанинмен кезінде бірге қызмет еткен замандастары, әріптестері Қ.Қожанбаев, Ө.Бекмұханбетов қатысып, күйшінің шабытты шақтағы кезеңдерін естеріне алды. Белгілі күйші Ж.Асылханов М.Байғаниннен тәлім-тәрбие алғанын айтып, күйшімен бірігіп «Құс қайтару», «Адай» күйлерін орындады.
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушылары, М.Байғаниннің шәкірттері А.Жүсіпова, И.Кенжеғалиева Момын ағайдан білім алып, қазіргі таңда өздері шәкірт тәрбиелеп жүргендіктерін айтып, домбырашыға ұзақ ғұмыр тіледі.
Момын атай мен Манар апай өздерінің отбасылары жайында әңгімелеп, оқырмандар арасынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Домбырашы әкесінен үш жасынан бастап домбыра тартуды үйренгенін айтып, балалық шағын еске түсірді және шара ұйымдастырушыларына ақ батасын беріп, «Шалқыма», «Көңіл ашар» күйлерін орындады. Шара барысында «Домбыра, жүрегіммен үндес едің...» тақырыбында әдебиеттер көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіліп, фото-шежіре слайд көрсетілді. Кеш соңында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ермұқан күйшіні 80 жасымен құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.