«Талантымен танылған ақын»

4 қазан күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында республикаға белгілі айтыскер ақын, көптеген танымал әндердің авторы, сазгер - Шынберген Сүлейменовпен «Талантымен танылған ақын» атты әдеби – сазды кездесу кеші өтті.
Жол апатына ұшырап, емделіп шыққан өнер иесін табынушылары қатты сағынып қалған екен. Оқырмандар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. 1988 жылдары мектеп жасындағы бала айтысқа алғаш шығып, әдемі сөз өрнектерімен халықтың ықыласына бөленген болатын. Республикалық айтыстарда бірнеше рет жүлделі орынға ие болды. «Ауылға кеткім келеді», «Сүйкімді», «Көріктісің», «Тәтті ару» «Қайран жеңгем» сынды әндері жұрттың күнделікті айтып жүретін әніне айналып кеткелі қашан.
Кешке Алматыдан келген белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожа қатысып, әнсүйер қауымды баурап алды. Ақтөбелік жыршы Әділбек Сарин, әнші Арман Жиеналинов, Бектай Өмірзақов, Ақыл Жарылқасынов Шынбергеннің әндерін орындап, оқырман қауымға әдемі көңіл күй сыйлады. Әке жолын қуған, Бағлан орындаған әнге сүйсінген жұрт ақ батасын беріп жатты.
Кеш соңында кітапхана директоры Несібелі Жұмағұл өлкеміздің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Шынбергенге ұжым атынан алғысын білдіріп, гүл шоғын ұсынды.
Оқырман қауымға өз ризашылығын ақын өлең шумақтарымен жеткізді.