Қарттар күніне арналған мерекелік концерт өтті

4 қазан күні облыстық халық шығармашылығы үйінің ұжымы облыстық қарттар мен мүгедектер интернат-үйінің тұрғындарына арнайы «Қарттарым – асыл қазынам» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Жыл сайын мереке қарсаңында өнерпаздар тұрақты түрде қарттар мен мүгедектер интернат-үйіне концерттік бағдарламамен баруды жақсы дәстүрге айналдырған.
Өнер ұжымы қарияларға арнап ән айтып, домбырамен күй тартып, би биледі. Мерекелік концертті халықтық «Назерке» би ансамблі «Шашу» биімен ашты. Ұлттық киімдегі өнерпаздардың биі көрермендердің көңілінен шығып, ыстық ықыластарына бөленді.
Сонымен қатар, халықтық «Жазира» қазақ ұлт-аспаптар ансамблінің орындауында Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Түркештің «Көңіл ашар» күйлері орындалса, жеке әншілер, термеші мен күйшілер де өз өнерлерін ортаға салды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – композитор, ҚР мәдениет қайраткері Б.Жұмалин.