Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ақпараттар, мақалалар

Қазастан Республикасында сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу туралы мақала
«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.»
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын осындай оймен тұжырымдайды. Себебі, Жаңа идеямен ғасырлардан ғасырларға тарихын терең өрбітіп келе жатқан қазақ елі қанша қиындықтарды бастан кешсе де, бүгінде әлемге танылған алып мемлекеттердің қатарына енді. Ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бен жеңістеріміз көп.
Десек те, әлем саясатына ортақ өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбына әлі нүкте қоя алмай келе жатқынымыз жасырын емес. Қаншама арнайы заңдар аясында түрлі жұмыстар жасалып жатса да, қоғам дертіне тосқауыл қоя алмай отырған жайымыз бар. Бұған бірден бір себеп – жеке бастың қамы.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының Заңы» бойынша лауазымды қызметтегі мамандар өз лауазымын асыра пайдаланып, жеке бас қамын ойлаған жағдайда, Заң аясында жауапқа тартылады. Айыппұл салудан бастап, жеке бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза түрі кесілген жағдайларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп те, біліп те жүрміз. Қызмет өкілеттілігін асыра пайдалану, пара алу немесе беру, оған делдалдық жасау, өзіне сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған сөз жеткізу, жауап беруден жалтару, сот шешімін немесе сот актілерін орындамау, қысқасы – жалған сөз бен жымқыру, т.б. осындай қылмыстардың бәрі сыбайлас жемқорлықтың сипатын көрсетеді. Мұндай қылмыс түрін жасаған адам ҚР Заңының өзінің статьясы негізінде жазаланады.
Лауазымды тұлғалардың қай – қайсысы болмасын, осындай қылмыс түрлерін жасайтын болса, оларға тоқтау салу жалғыз заң органдарының ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың міндеті. Себебі, қоғам дертін бірігіп жоюға атсалыссақ қана біз қоғамды жегі құрттардан тазартамыз. Ол үшін төмендегідей жұмыстар жасалуы керек деп ойлаймын:
Идеологиялық тұрғыдан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір жастың жүрегіне адалдық, патриоттылық сезімдерін ояту үшін білім беру мекемелерінің бағдарламаларына арнайы жоспарлар енгізу;
Азия мен Еуропа елдерінің тиімді саяси жетістіктерін негізге ала отырып, Заңға ерекше тұстарын енгізу;
Кез – келген жұмысқа жаңадан орналасатын жас мамандарға сыбайлас жемқорлық туралы арнайы курстар өткізілуі керек.
Міне, осындай жұмыстарды қолға алған кезімізде ғана біз қоғамды жайлаған жемқорлық дертінен айығуымызға болады.