Отбасы күніне орайластырылған кеш

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 12 мамырда Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы - қоғамның негізі» атты тақырыптық кеш өтті.
Кеш қонағы Ақтөбе қаласының әйелдерін қолдау орталығының заңгері Б.Тулегенова әйелдерді және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға көмек көрсету қозғалысын дамыту, зорлықсыз қарым-қатынас негізінде мәдени ортаны қалыптастыру, әлеуметтік бейімделу және психологиялық көмек көрсету төңірегінде ой бөлісті.
Көпсалалы «Болашақ» колледжінің мұғалімі А.Байқадамова отбасындағы бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтары жайында өз пікірін ортаға салды.
Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ж.Айжанов пен ақын Т.Тілеулесов балалардың үздіксіз дамуы, шығармашылық қабілетін арттыру отбасынан бастау алатындығы, балаларына жақсы тәрбие беруімен олардың әрқайсысына қоғамдағы өз орнын орнықты табуына көмектесу - ата-ананың борышы екенін атап көрсетті.
Шара барысында «Отбасы - бақыт мекені» атты кітап көрмесі жабдықталды.