Әйтеке би ауданында Сағи оқулары өтті

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы 2017 жылдың 12 мамыры күні Әйтекеби аудандық кітапханасымен бірлесе «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» атты Сағи оқуларын ұйымдастырды.
Шараға Әйтеке би аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері және поэзия сүйер оқырман қауым қатысты.
Ауданның поэзиясүйер жастары ақынның өлеңдерін жатқа айтып берсе, бірқатары ақынға арналған өз өлеңдерін оқыды. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері ақын өлеңдерінің желісі бойынша көрініс көрсетті. Аудандық Т.Жүргенов атындағы орта мектеп оқушылары «Қайран шеше» монологын оқыды. Оқырмандарға Алматы қаласында тұратын Сағи Жиенбаевтың зайыбы Өзипа апайдың естеліктерінің бейнебаяны көрсетілді.
«Сағидың сырлы әлемі» атты кең көлемде кітап көрмесі әзірленіп, оған ақынның барлық туындылары және ол туралы әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар қойылды.
Кеш барысында Әйтеке би ауданындағы саз мектебінің оқушылары С.Жиенбаевтың сөзіне жазылған әндерді шырқап, би биледі. Жасөспірімдер кітапханасының директоры Г. Калдина шараны қорытындылап, қатысқан студенттерге алғыс хаттар табыстады. Сонымен бірге Әйтекеби аудандық кітапханасына Сағидың бір кітабын және «Өлең кернеп барады жүрегімді» атты жастардың оқылуындағы ең таңдаулы 80 өлеңі енгізілген аудио үнтаспаны сыйлады.