«Зеңбірек» ескерткіш-белгісі алаңындағы ерлік сағаты

2017 жылғы 5 мамырда Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітаханасы «Зеңбірек» ескерткіш-белгісі алаңында (Ж.Кереев көшесі) «Қаһарман Ұлт – Нация героев» жалпыреспубликалық акциясы аясында «Болашақ ұрпақ ерлігін айтар жалғап мың» ерлік сағатын өткізді.
Шара салтанатты түрде мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды.
Оқырмандар қан майданда мерт болған ерлердің рухына, елі үшін отқа түсіп, жалын кешкен ер-азаматтар, аға-апаларымыздың ерлік істеріне бас иіп, оларды бір минут үзсіздікпен еске алды.
Ұлы Отан соғысының тыл-еңбек ардагері Рашит Садықұлы Құрбанаев, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Жалғас Шәріпұлы Айжанов, Ақтөбе облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистердің қоғамдық бірлестігінің мүшелері Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, жиналғандарды кең байтақ қазақ жерін, елін, халқын қорғауға дайын болуға шақырды.
Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының барабаншылар тобы марш орындап, «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының мүшелері «Іздерің мәңгі өшпейді» тақырыбында әдеби монтаж ұсынды. Ал №51 мектеп-гимназиясының «Мұрагер» ансамблі, №1 музыка мектебінің оқушысы Аңсар Жүсіп сазды бағдарлама арқылы көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.