Әдеби- әуен кешінде Ғазиза Жұбанованың шығармалары орындалды

18 сәуір күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақ музыкасының мақтанышы» тақырыбында әдеби - әуен кеші өткізілді.
«Ғасырда бір туар жан - Ғазиза» тақырыбындағы әдебиеттер көрмесіне библиографиялық шолуды өнер бөлімінің кітапханашысы Г.Абишева жасады.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Ө.Бекмұханбетов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, «Жайдарман» вокал студиясының жетекшісі М.Жаманкулова композитор Ғ.Жұбанованың өмірі мен шығармашылығы жайында сөз өрбітті.
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Саз» бөлімінің оқытушысы А.Қарғабаева белгілі күйші Қ.Ахмедияровтың «Ғазизаға арнау» күйін тартып, күйдің шығу тарихын айтып берді. Ақын Сейфолла Оспанның Ғазизаға арналған өлеңдерін Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 4 курс студенттері А.Сәндібек пен Г.Серікқызы жатқа айтты.
Кеш барысында Ғ.Жұбанованың «Жыр жазамын жүрегімнен» шығармасын А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің 4 курс студенті, республикалық байқаулардың лауреаты А.Утемуратов Г.Корчагинаның сүйемелдеуімен орындаса, аталмыш колледждің студенті К.Ералықызы сүйемелдеуші Д.Айнашпен қосылып, композитордың «Мерекелік күй» шығармасын қобызда ойнады.
Сонымен қатар, Ғазизаның музыкалық-эстетикалық талғамының қалыптасуына әсер етуші әкесі А.Жұбановтың «Ақ көгершін», «Қарлығаш» әндерін «Жайдарман» вокал студиясының оқушылары шырқаса, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің 2 курс студенті А.Жақсыбай аталмыш әндерді скрипка аспабында нақышына келтіре орындады.
Кітапхана директорының орынбасары А.Крымкулова композитор туралы сөз қозғады, қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттап, ризашылығын білдірді.
Шараға мәдениет қызметкерлері, қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, «Рика» телеарнасының тілшілері қатысты.