Димашты қолдауға мыңдаған ақтөбелік жиналды

14 сәуір күні облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Тұңғыш Президент атындағы мәдениет және демалыс саябағында Қытай Халық Республикасындағы «Мен әншімін» танымал телешоуында өнер көрсетіп жатқан жерлесіміз Димаш Құдайбергенді қолдау мақсатында шоу-бағдарлама өткізілді.
Қытайда «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші» номинациясын жеңіп алған Димаштай талантты қолдау мақсатында өткен ірі шараға қала қонақтары, ақтөбелік жастар, Димаштың құрбы-құрдастары мен ұстаздары, барлық өнерсүйер қауым жиналды.
Бұл - ақтөбеліктердің нағыз талант иесі Димаш Құдайбергенді үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде өтетін «I Am a Singer» байқауының финалдық концерті алдындағы жерлестерінің қолдауы болды. Шоу-бағдарламада қаланың ең танымал өнер ұжымдары, белгілі әншілер өнер көрсетіп, әншіге ақ жол, байқауда жеңіс тіледі. Димаштың ардақты ата-әжесі ақтөбелік жастарға, Димаштай атақты ұлына ақ батасын арнады.