С. Торайғыровтың шығармашылығы туралы әдеби сағат

14 сәуір күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы аясында «Қазақ поэзиясының аққан жұлдызы» тақырыбында С.Торайғыровтың шығармашылығына арналған әдеби сағат өткізілді.
Үстіміздегі жылы да ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұсынысымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы жалғасуда. Биылғы жылы «Бір ел, бір кітап» республикалық акциясына жалпы халықтық оқуға қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалды.
Ол Солтүстік Қазақстан облысының Қызылтау ауданында 1893 жылы туған. Ақын шығармаларында ескіні сынау, қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күрес бой көтерді.
Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тербесе де, қазірде классикалық туындыларға айналған, ауыл тіршілігін, адамдардың тағдырын бейнелейтін ақынның өлең-жырларына, поэмалары мен әңгімелерінің мазмұнын кітапханашы Бағдагүл Махамбеталиева айтып берді. Кітапханашылар С.Торайғыровтың «Кедей», «Бір адамға», «Шәкірт ойы» өлеңдерін оқыды.
Кең көлемде ұйымдастырылған, жыл бойы оқырмандарға қызмет ететін кітап көрмесіне қаламгердің шығармалары, ол туралы жазылған еңбектер, баспасөз мақалалары қойылды. Шараға Ақтөбе гуманитарлық колледжінің сырттай оқу бөлімінің студенттері қатысты.