«Қойнауы құт, жері бай, өркенді өңір - Ақтөбе» тақырыбындағы өлкетанымдық конференция

2017 жылғы 12 сәуір күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен №30 орта мектепте 10-11 класс оқушылары арасында Ақтөбе облысының 85 жылдығына арналған «Қойнауы құт, жері бай, өркенді өңір - Ақтөбе» тақырыбында өлкетанымдық конференция өтті.
Шараның мақсаты: Жастарды елін, жерін сүюге шақырып, халқына деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлтжандылық сезімін оятып, патриотизмге және білімділікке шақыру.
Ақтөбе облысы Қазақстан Республикасының рухани, мәдени, әлеуметтік - экономикалық, интеллектуалдық әлеуеті зор, тарихы елдік пен ерліктің ұлы өнегелеріне толы жер қойнауы бай өлкелерінің бірі. Сондай-ақ қажырлы, дарынды ұл-қыздарын дүниеге әкелген мекен. Ақтөбе өңірі әйгілі лингвист, түркітанушы Қ.Жұбановты, академик С.Бәйішевтерден басталатын ондаған ірі ғалымдардың, Ұ.Құлымбетов, Т. Жүргеновтер секілді ірі мемлекет кайраткерлерінін, Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбав, С.Жиенбаев сияқты дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик А.Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені. Туған жеріміз - тұнған тарих, Қобыланды, Есет, Қарасай, Қазы, Асау - Барақ қорғаған, Әлия туған байтақ Ақтөбе жері тарихқа толы. Атақты жәрмеңке - Көкжар, Жібек жолының бойындағы ескі қала Темір, хан жайлауы Ырғыз, ақындар мен батырлар мекендеген Жем - Сағыз, Қобда мен Ойыл, Шалқар бойы - көне тарих куәлары.
Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі А.Ертеміров баяндамасында Ақтөбе облысының тарихы туралы мәліметтерге тоқталды. Облыстық мемлекеттік мұрағатының архивист маманы С.Төремұратова сөз кезегінде Ақтөбе облысының құрылымы мен өндірісі туралы баяндап, мұрағат қорында сақталып келген суреттермен таныстырып өтті.
№30 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөнінідегі орынбасары М.Мукатова бүгінгі шара оқушылар үшін пайдалы және туған өлкеміз жайлы көп мағлұмат алынғандығын айта келе қонақтарға, облыстық кітапхана қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Шара барысында «Ақтөбе - шежіресі мол өлке» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған кітапханашы С.Сұлтанаева библиографиялық шолу жүргізді.