ДИМАШТЫ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ШОУ-КОНЦЕРТКЕ ШАҚЫРАМЫЗ!!!

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Тұңғыш Президент атындағы мәдениет және демалыс саябағында Қытай Халық Республикасындағы «Мен әншімін» танымал телешоуында өнер көрсетіп жатқан жерлесіміз Димаш Құдайбергенді қолдау мақсатында шоу-бағдарлама өткізіледі. Димаш Құдайберген - қазақстандық әнші, Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған, «Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты, «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасының Президенті Құрмет грамотасымен марапатталған. Қытайда «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші» номинациясын жеңіп алған Димаштай талантты қолдау мақсатында өтетін ірі шараға қала қонақтары, ақтөбелік жастар, Димаштың құрбы-құрдастары мен ұстаздары, барлық өнерсүйер қауым шақырылады.
Бұл - ақтөбеліктердің нағыз талант иесі Димаш Құдайбергенді үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде өтетін «I Am a Singer» байқауының финалдық концерті алдындағы жерлестерінің қолдауы. Шоу-бағдарламада қаланың ең танымал өнер ұжымдары, белгілі әншілер өнер көрсетеді. Шараға жиналған жастар Димаштың бейнероликтеріне флеш-моб билеп, әншіге ақ жол, байқауда жеңіс тілейді. Димаштың өнерге баулыған ұстаздары сөз сөйлеп, ардақты ата-әжесі ақ батасын арнайды.
Әлемге танылған жас әншінің видеосәлемдемесі скайп арқылы тыңдалады деп күтілуде.